Қазақстан құрамасы FIRST Championship робототехникадан әлем чемпионатына қатысуға дайындалуда, деп хабарлайды NAIZA NEWS ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап. Жарыс 29 сәуір мен 2 мамыр аралығында Хьюстон қаласында өтеді.
Құрама сапына 17 команданың 200-ден астам оқушысы енген. Қазақстан атынан Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Орал, Щучинск қалалары мен Түркістан облысының қатысушылары өнер көрсетеді.
Командалар үш жас санаты бойынша бақ сынайды — бастауыш сынып оқушыларынан бастап жоғары сынып оқушыларына дейін. Биыл елге 17 квота бөлінген.
FIRST чемпионаты жыл сайын 100-ден астам елден 50 мыңнан астам қатысушыны жинайды. Қатысушылар үшін білім беру бағдарламалары мен гранттық қолдау да қарастырылған.
Ұлттық құрама ақпанда өткен Alem Tech Fest Орталық Азия чемпионатының қорытындысы бойынша жасақталған.
Дерек көзі: Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі