- Премьер-министр Олжас Бектенов «Ескі Қазақстанның» өкілдері қылмыстық жауапкершіліктен жалтару үшін 100 миллион доллар көлемінде ақша төлейді деген қауесетті жоққа шығарды. Ол мұндай ақпаратты жалған және шындыққа жанаспайды деп атады.
«Ешқандай астыртын келісім жоқ. Барлығы заң шеңберінде жүзеге асырылады, себебі бұл бойынша нақты заң бар», — деді Бектенов.
Оның айтуынша, мемлекетке қайтарылатын активтердің мөлшері заңсыз шығарылған қаражат көлеміне байланысты және әрбір жағдайда жеке есептеледі. Премьер сондай-ақ активтерді қайтару шарттары мен нақты сомалар жария етілмейтінін, өйткені мұндай ақпарат бизнес-процестерге кері әсер етуі мүмкін екенін түсіндірді.
Үкімет басшысы мемлекет активтерді ерікті түрде қайтаруға және бизнестің заңды әрі ашық жұмыс істеуіне мүмкіндік жасауға ұмтылып отырғанын атап өтті.