- Biz Birgemiz Kazakhstan 2030 қорының жетекшісіне қатысты сот процесінде жаңа айыптаулар айтылды. «Асар-Үме» қорының директоры Асхат Нұрмашевтың айтуынша, Перизат Қайрат Палестинада зардап шеккендерге көмек ретінде 200 миллион теңге аударылғанын растайтын құжаттарды қолдан жасап берген.
Оның сөзінше, екі қор арасында келісімшарт жасалып, Қайрат қаражаттың қалай жұмсалғаны жөнінде есеп тапсыруға міндетті болған. Алайда 2023 жылдың желтоқсанында есеп берілмеген.
«Біз ескерту жасап, хаттар жолдай бастадық. Жауап ретінде “шотты Ұлттық банк бұғаттады” деді. Қаңтарда ол бізге ресми емес есеп әкелді — банк үзіндісі жоқ, тек кесте ғана. Біз оны қабылдаудан бас тарттық», — деді Нұрмашев.
Кейін Қайрат қаражат Абу-Дабиге аударылғанын көрсететін жалған банк түбіртектерін ұсынған.
«Ол ақшаның жіберілгенін айтып, қағаздарын көрсетті. Біз сендік. Бірақ тергеу кезінде бұл құжаттардың барлығы қолдан жасалғаны анықталды», — деп қосты ол.
Бұл эпизод жалған қайырымдылықпен жиналған 3,5 миллиард теңгеден астам қаржыны жымқыру және заңдастыру ісінің бір бөлігіне айналды.