2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда негізгі капиталға салынған инвестициялар 22,7 трлн теңгеге жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 13%-ға артты. Ең жоғары өсім қаржы және сақтандыру секторында тіркелді — бірден 88,4%-ға өсіп, 313,5 млрд теңгені құрады.
Инвестиция көлемінің айтарлықтай артуы экономиканың негізгі салаларында да байқалады. Электр энергиясымен, газбен және жылумен қамтамасыз ету саласында өсім 53,1%-ды, ауыл шаруашылығында — 53%-ды, ал өңдеу өнеркәсібінде — 30,1%-ды құрады. Сонымен қатар ақпарат және байланыс, білім беру, көлік және логистика салаларында да оң динамика байқалды.
Инвестициялық белсенділіктің артуына шетелдік капиталдың келуі де ықпал етуде. 2025 жылдың тоғыз айында тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 14,9 млрд долларды құрап, 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10,9%-ға өсті.
Инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту үшін Қазақстанның 2030 жылға дейінгі инвестициялық саясат тұжырымдамасы бекітілді. Құжатта экономиканың шикізаттық емес салаларын дамыту және жоғары қосылған құны бар бәсекеге қабілетті өндірістерді құру қарастырылған.
Елде инвестиция тартудың үш деңгейлі жүйесі жұмысын жалғастырады — сыртқы, орталық және өңірлік деңгейлерде. Сонымен қатар инвесторлар үшін «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсететін Kazakhstan Investment House бірыңғай орталығы құрылмақ. Ол негізгі даму институттарын біріктіреді.
Инвесторлардың құқықтарын қорғау да күшейтіледі. Инвестициялық омбудсменнің функциялары Бас прокурорға беріледі, ал өңірлерде инвестициялық прокурорлар тағайындалып, олар инвестициялық жобаларды сүйемелдеп, бизнеске құқықтық қолдау көрсететін болады.
Дерек көзі: Freepik