Мәслихат депутаттарының форумында Қасым-Жомарт Тоқаев Таяу Шығыстан қазақстандықтарды эвакуациялау мәселесіне арнайы тоқталды. Оның айтуынша, еліміздің азаматтары қай жерде жүрсе де, олардың артында әрдайым көмек көрсетуге дайын мемлекет тұрғанын білуі тиіс.
Президент Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуінен кейін отандастарды жедел эвакуациялау туралы тапсырма берілгенін айтты. Сыртқы істер министрлігі базасында барлық тиісті ведомстволардың қатысуымен арнайы штаб құрылды. Жұмысқа әуе тасымалдаушылары, туристік компаниялар және демеушілер де тартылды.
«Отандастарымызды жедел эвакуациялау туралы тапсырма берілді. Сыртқы істер министрлігі жанынан барлық ведомстволардың өкілдері кірген арнайы штаб құрылды. Жұмысқа әуе тасымалдаушылары, туристік компаниялар және ерікті демеушілер тартылды. Штаб тәулік бойы жұмыс істеп, азаматтарымызды қауіпсіз эвакуациялау бағыттарын ұйымдастырды».
Осы жұмыстың нәтижесінде, Президенттің айтуынша, Қазақстанға шамамен 9 мың адам жедел түрде жеткізілді. Тоқаев мұндай шаралардың бейбіт уақытта да үлкен үйлестіруді талап ететінін, ал дағдарыс жағдайында оның маңызы бірнеше есе артатынын атап өтті.
Мемлекет басшысы Қазақстан бұған дейін де қиын жағдайларда өз азаматтарын құтқарып, елге қайтару үшін дәл осылай әрекет еткенін айтты. Оның сөзінше, азаматтарға көмек көрсету — саяси қадам немесе әдемі ұран емес, мемлекеттің тікелей міндеті.
«Қазақстан өз азаматтарын ешқашан тағдыр тәлкегіне тастамайды — қандай жағдай болса да, қай жерде орын алса да. “Өз азаматтарымызды тастамаймыз” — бұл жай ғана ұран немесе популизм емес, бұл біздің мемлекеттік саясатымыздың қағидаты».
Президент бұл қағидаттың жаңа Конституция жобасында да көрініс тапқанын айтты. Құжатта Қазақстан азаматтарын шетелде қорғау кепілдігі жеке норма ретінде бекітіледі. Оның сөзінше, қазақстандық паспорт иесінің әрқайсысы өз мемлекетінің қорғауында екеніне сенімді болуы керек.
Дерек көзі: gov.kz