Қазақстанда 4,5 млн адам шағын және орта бизнес секторында жұмыс істейді

Дерек көзі: Freepik
- Шағын және орта бизнес Қазақстан экономикасындағы рөлін күшейтіп келеді. Ресми статистика деректеріне сәйкес, 2025 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша ШОБ-тың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40,5%-ға жетіп, 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,2 пайыздық тармаққа артты.
-
- Қазіргі уақытта шағын және орта бизнес секторында 4,5 млн адам еңбек етеді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,4%-ға көп. Осылайша, Қазақстан экономикасында жұмыс істейтін әрбір екінші адам кәсіпкерлікпен байланысты.
-
- Сонымен қатар бизнес субъектілерінің тауарлар мен қызметтер өндірісіне қосқан үлесі де артып келеді. 2025 жылдың үшінші тоқсанында ШОБ субъектілері өндірген өнім көлемі 73,1 трлн теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 28%-ға өсті.
-
- Кәсіпкерліктің дамуына мемлекеттік қолдау шаралары ықпал етуде. Атап айтқанда, «Даму» қоры арқылы кәсіпкерлерге несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және мемлекеттік кепілдіктер беру қолжетімді. 2025 жылы субсидиялау бағдарламалары аясында 365,7 млрд теңге сомасына 3 373 жоба қолдау тапты.
-
- Қосымша қолдау құралы ретінде кепілдік қорлары да жұмыс істейді. Олар кепілзат жеткіліксіз болған жағдайда кәсіпкерлерге несие алуға көмектеседі. 2025 жылы осылайша 509,2 млрд теңге сомасына 3 105 жобаға қолдау көрсетілді.
-
- Сонымен қатар елде «Өрлеу» жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарлама жылдық 12,6% мөлшерлемемен 7 млрд теңгеге дейін несие алуға мүмкіндік береді. 2025 жылы осы бағдарлама аясында 588,2 млрд теңге сомасына 2 278 жоба қолдау тапты.