2026 жылы елде дәстүрлі және жаңартылатын энергетика саласында 2,64 ГВт жаңа қуат көзін іске қосу жоспарланып отыр. Есептеулерге сәйкес, бұл 2027 жылдың I тоқсанының соңына қарай энергия тапшылығын толық жабуға, ал 2029 жылға қарай тұрақты профицитке шығуға мүмкіндік береді.
Өткен жылы Қазақстан 3,7 млрд кВт·сағ электр энергиясын импорттады. Биыл төрт парогаз қондырғысы (ПГУ), екі жел және төрт күн электр станциясы іске қосылып, екі қолданыстағы станция кеңейтіледі. Жаңа нысандардың жиынтық өндірісі жылына шамамен 16 млрд кВт·сағ болады.
Негізгі үлесті жалпы қуаты 2,4 ГВт болатын төрт парогаз қондырғысы қамтамасыз етеді. Қызылорда облысындағы 240 МВт ПГУ іске қосу-реттеу кезеңінде. Түркістан облысында 1 ГВт нысан салынуда. Алматыда ЖЭО-2 мен ЖЭО-3 базасында жалпы қуаты 1,1 ГВт ПГУ тұрғызылуда. Сонымен қатар Текеліде (17 МВт) және Атырау ЖЭО-да (60 МВт) жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
ЖЭК секторы 245 МВт жаңа нысандармен толығады: Қостанай облысындағы Aspan Energo (50 МВт) және «Гиперборея» (100 МВт) жел электр станциялары, бірнеше өңірдегі жалпы қуаты 92 МВт болатын төрт күн электр станциясы, сондай-ақ Түркістан облысындағы шағын ГЭС іске қосылады.
Дерек көзі: Freepik