Болашақ зертханасы: қарағандылық студенттер цифрлық технологияларды меңгеруде

Источник: Қарағанды облысының әкімдігі
- Қарағанды техника және құрылыс колледжінде «Ақылды үй» зертханасы ашылды. Ол заманауи ғимаратқа тән барлық цифрлық технологиялармен — қозғалыс датчиктерінен бастап интеллектуалды басқару қалқанына дейін — толық жабдықталған. Жаңа алаң «жылжымайтын мүлікті басқару» мамандығы және оған жақын бағыттар бойынша студенттерді даярлаудың практикалық базасына айналды.
-
- Зертханада білім алушылар инженерлік жүйелерді монтаждау мен қосу, жабдықтарды баптау және бағдарламалау, датчиктер мен контроллерлермен жұмыс істеу, ақауларды анықтау және жою, сондай-ақ автоматтандырылған басқару сценарийлерін құруды үйренеді. Инженерлік және цифрлық шешімдердің біртұтас кешен ретінде өзара әрекеттесуіне ерекше назар аударылады.
-
- Зертхана қазақстандық өндірістегі орталық басқару қалқанымен, Astana Hub резиденттерінің контроллерлері мен басқару модульдерімен жабдықталған. Студенттер бейнебақылау жүйелерімен, автоматты жарықтандырумен, ақылды құлыптармен, жылыту, желдету, перделер мен жалюзилерді басқару жүйелерімен жұмыс істейді. Барлық процестер мобильді қосымшалар мен дауыс арқылы басқару сервистері арқылы бапталып, ғимараттарды пайдаланудың нақты сценарийлерін модельдеуге мүмкіндік береді.
-
- Колледж басшылығының айтуынша, бұл зертхана оқытудың практикалық бағытын күшейтіп, дуальды даярлық мүмкіндіктерін кеңейтеді, соның нәтижесінде түлектер жұмыс берушілер мен қазіргі еңбек нарығы талаптарына барынша сай дағдыларды меңгереді.