Су ресурстары және ирригация министрі БҰҰ-мен Қазақстанның халықаралық бастамаларын талқылады

Дерек көзі: Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі
- Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қазақстандағы БҰҰ-ның Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагчамен кездесу өткізді. Тараптар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су қауіпсіздігі мен халықаралық өзара іс-қимыл саласындағы бастамаларын іске асыру аясындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.
-
- Келіссөздер барысында БҰҰ құрылымында Халықаралық су ұйымын құру, Қазақстанда ШЫҰ Су проблемаларын зерттеу орталығын ашу, сондай-ақ Орталық Азия бойынша су пайдалануға қатысты Негіздемелік конвенция әзірлеу жөніндегі ұсыныстар қаралды. Сонымен қатар 22–24 сәуір күндері Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммитті дайындау мәселесіне ерекше назар аударылды.
-
- Тараптар су тақырыбы бойынша іс-шараларды бірлесіп пысықтауға және келісілген ұсыныстар әзірлеуге уағдаласты. Кездесу соңында министр БҰҰ өкілін Қазақстанның су секторын дамыту жөніндегі серіктестердің Үйлестіру кеңесінің отырысына қатысуға шақырды.
-
- Нұржан Нұржігітов Қазақстанның БҰҰ Даму бағдарламасымен (ПРООН), ЮНИСЕФ-пен, ФАО-мен және халықаралық қаржы институттарымен белсенді түрде жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Бұл ынтымақтастық су шаруашылығы инфрақұрылымын салу және жаңғырту жобаларын, сондай-ақ жастар арасында су ресурстарына ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруды қамтиды.