Ақмола облысында білім беру жүйесін ауқымды жаңарту жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы өңір әкімі Марат Ахметжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді. Оның айтуынша, Президент Жолдауында қойылған міндеттер аясында облыста апатты және үш ауысымды мектептер мәселесі толықтай жойылды.
Соңғы екі жылда өңірде 19 мыңнан астам оқушыға арналған 24 жаңа мектеп пайдалануға берілді. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 12 200 орындық 9 мектеп салынды, оның 7-еуі ауылдық жерлерде орналасқан. Нәтижесінде мектеп орындарының тапшылығы айтарлықтай қысқарды: Целиноград ауданында — сегіз есе, Көкшетау қаласында — бір жарым есе азайды.
Нысандарды салумен қатар, білім беру ұйымдарын жаңғыртуға да ерекше көңіл бөлінуде. Биыл жоспарланған 20 мектептің барлығы толық реновациядан өтті. Дарынды балаларды қолдау мақсатында Көкшетауда 600 орындық «Білім-инновация» лицей-интернаты ашылды, ал Щучинск қаласында 300 орындық IT-лицей жатақханасының құрылысы аяқталуға жақын. Колледж студенттері үшін 750 орындық екі жатақхана салынды.
Жүзеге асырылып жатқан шаралар қала мен ауыл мектептеріндегі оқушыларға сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Дерек көзі: Фото: NUR.KZ / Яна Яковлева