Солтүстік Қазақстан облысында балалар байқауына дауыс беруді сылтау етіп, мессенджердегі аккаунттарды бұзуға байланысты 14 алаяқтық дерегі тіркелді. Қаскөйлер жалған сілтемелер таратып, азаматтардың жеке аккаунттарына қол жеткізуге тырысады, деп хабарлайды NaizaNews.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Алаяқтар хабарламаларды көбіне таныс адамдардың атынан жібереді. Онда белгілі бір баланы байқауда қолдап, дауыс беру сұралады. Мысалы, Саша есімді қызға дауыс беруге шақыруы мүмкін. Алайда хабарламадағы есімдер мен мәтіндер әртүрлі болуы ықтимал.
Күдікті сілтемеге өткен адамның мессенджердегі аккаунты бұзылуы мүмкін. Оған қол жеткізген алаяқтар аккаунт иесінің байланыс тізіміндегі адамдарға хабарлама жіберіп, шұғыл ақша сұрай бастайды.
Мәселен, олар 80 мың теңге қарызға беруді өтініп, ақшаны кешке қайтаратынын айтады. Кейін қаржылық қиындыққа тап болғанын сылтауратып, ақша аударуға арналған банк деректемелерін жібереді.
Мұндай жағдайда аккаунттың шынайы иесі оған кіре алмай қалуы мүмкін. Соның салдарынан ол өзінің атынан басқа адамдармен хат алмасып, ақша сұрап жатқанын білмеуі де ықтимал.
СҚО полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әлібек Құжахметовтің мәліметінше, өңірде осы тәсілмен жасалған 14 алаяқтық дерегі тіркелген. Ол WhatsApp пен басқа да мессенджерлердегі таныс адамдардан келген хабарламаларға сақтықпен қарауға шақырды.
Полицейлер фотосуретке қатысты күмәнді хабарламалардан да сақ болуды ескертеді. Алаяқтар «Мына суреттегі сен емессің бе?» деген мазмұндағы сұрақпен сілтеме жіберуі мүмкін. Мұндай сілтемелер зиянды бағдарламалар орналасқан сайттарға апаруы ықтимал.
Құқық қорғау органдары күмәнді сілтемелерді ашпауға кеңес береді. Егер танысыңыз байқауға дауыс беруді немесе ақша аударуды сұраса, оған телефон арқылы тікелей хабарласып, ақпараттың рас-өтірігін тексерген жөн.
Источник: polisia.kz