Қазақстанның ерлер құрамасы шпагамен семсерлесуден Халықаралық семсерлесу федерациясының (FIE) әлемдік командалық рейтингінде алғаш рет бірінші орынға көтерілді. Бұл нәтижеге ұлттық құрама Марокконың Касабланка қаласында өткен Әлем кубогы кезеңінде алтын медаль жеңіп алғаннан кейін қол жеткізді, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Ұлттық олимпиадалық комитетіне сілтеме жасап.
Мароккодағы жарысқа дейін қазақстандық шпагашылар әлемдік рейтингте үшінші орында тұрған. Олар Швейцария мен Франция құрамаларынан кейін орналасқан еді. Касабланкадағы жеңіс ұлттық командаға қарсыластарын басып озып, 2026/27 жылғы маусымда рейтинг көшбасшысына айналуға мүмкіндік берді.
Әлем кубогы кезеңінде Қазақстан намысын Кирилл Проходов, Вадим Шарлаимов, Александр Федотов және Кирилл Павлов қорғады. Құрама жаңартылған құраммен өнер көрсетіп, екі әлем чемпионының қатыспағанына қарамастан, турнирде жеңіске жетті.
Жарыста қазақстандық спортшылар ерлер арасындағы командалық шпагамен семсерлесуден 23 дүркін әлем чемпионы атанған Франция құрамасын да жеңді.
Қазақстандық шпагашылар бұған дейін де бірнеше ірі халықаралық жарыста топ жарған. 2025 жылғы қарашада Эр-Риядта өткен Ислам ынтымақтастығы ойындарында алтын медаль иеленсе, 2026 жылғы маусымда Нью-Делиде Азия чемпионы атанды.
Шілдеде Гонконгта өткен әлем чемпионатында жеңіске жеткен ұлттық құрама қыркүйекте Жапонияның Аичи және Нагоя қалаларында ұйымдастырылған Азия ойындарында да бірінші орын алды.
Касабланкадағы табыс осы жеңістердің жалғасы болып, Қазақстанның ерлер құрамасын шпагамен семсерлесуден FIE әлемдік рейтингінің көш басына шығарды.
Дерек көзі: ҚР ҰОК