Қазақстандық спортшы Еркін Ғаббасов Жапонияның Аичи және Нагоя қалаларында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия Пара ойындарында ұлттық құрама қоржынына алғашқы алтын медальді салды. Ол пара нысана көздеу жарысында жеңімпаз атанды, деп хабарлайды NaizaNews.kz Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиадалық комитетіне сілтеме жасап.
Еркін Ғаббасов 10 метр қашықтықтан пневматикалық винтовкамен ату бойынша R1 санатында бақ сынады. Финалда 249,1 ұпай жинаған отандасымыз қарсыластарынан озып, бірінші орынға ие болды.
Күміс медальді 248 ұпай жинаған Оңтүстік Корея өкілі Пак Джинхо жеңіп алды. Ал оның отандасы Ли Джанхо 226 ұпаймен үшінші орынға тұрақтады.
Қазақстан құрамасының қоржыны тағы бір жүлдемен толықты. Пара пауэрлифтингтен 41 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Тұрсынай Қабыл күміс медаль иеленді.
Қазақстандық спортшы үш мүмкіндігін де сәтті пайдаланды. Соңғы талпынысында 104 келіні көтеріп, жарысты екінші орынмен аяқтады.
Бұл салмақта Қытай спортшысы Цуй Чжэ 120 келі нәтижемен жеңімпаз атанды. Индонезиялық Ни Ненгах Видиасих 97 келіні көтеріп, қола медальға қол жеткізді.
Источник: olympic.kz