Қазақстанда ерекше назар мен қолдауды қажет ететін балаларды уақытылы анықтауға арналған Balazhan мемлекеттік цифрлық платформасы енгізілуде. Жобаны Балалардың құқықтарын қорғау комитеті 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырып жатыр, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Платформаның негізгі мақсаты — қосымша көмекке мұқтаж балаларды дер кезінде анықтап, оларға қажетті қолдау көрсетуді ұйымдастыру.
Министрліктің мәліметінше, жаңа жүйені енгізу балалар мен олардың отбасылары туралы қосымша ақпарат жинауға қатысты жаңа талаптарды қарастырмайды.
Бұған дейін педагогтер қағаз құжаттарға және әртүрлі ақпараттық жүйелерге енгізіп келген мәліметтер бір цифрлық платформаға біріктіріледі. Бастапқы деректерді бір рет енгізу жеткілікті болады. Кейін олар қажет болған жағдайда жаңартылып отырады.
Мұндай тәсіл қағаз құжаттардың көлемін азайтып, педагогтердің жұмысын жеңілдетуге және мамандар арасындағы өзара байланысты жақсартуға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Balazhan Ұлттық білім беру деректер қорының модулі болып саналады. Балалардың жеке деректерін қорғау заңнама талаптарына сәйкес қамтамасыз етіледі.
Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, жүйе балаларды дер кезінде анықтаумен ғана шектелмей, көмекке мұқтаж балаларды үздіксіз сүйемелдеуге және көрсетілетін қолдаудың тиімділігін арттыруға бағытталған.
Бұған дейін ведомство 18 жасқа дейінгі мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларды есепке алудың жаңа ережелерін бекіткен болатын. Бұл тәртіп олардың тіркеуде тұрғанына немесе Қазақстанда қанша уақыт болғанына қарамастан қолданылады.
Мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтер бірыңғай цифрлық базаға жинақталып, жылына төрт рет жаңартылады. Министрліктің түсіндіруінше, бұл білім беру ұйымдарына бармайтын балаларды да уақытылы анықтауға көмектеседі.
Дерек көзі: magnific.com