Астанадағы Мұқағали Мақатаев атындағы №74 мектеп-гимназияның алтыншы сынып оқушысы 1500 пластик бөтелке қақпағынан ақынның портретін жасады, деп хабарлайды NaizaNews.kz Астана қаласының әкімдігіне сілтеме жасап.
Ерекше туындының авторы — Мирас Төлеген. Оған технология пәнінің мұғалімдері Шайдолда Абылғазыұлы мен Динкаум Сейсенбайұлы көмектескен. Портретті дайындауға екі ай уақыт кеткен.
Жұмысқа қажетті материалдарды жинауға мектептің барлық оқушысы қатысқан. Олар бірлесіп, 1500 пластик бөтелке қақпағын жинап берген.
Осылайша күнделікті тұрмыста қолданылатын қарапайым заттар мектепке есімі берілген ақынның бейнесін жасауға пайдаланылды.
Астана әкімдігінің мәліметінше, жоба оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға ғана емес, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға да бағытталған. Сонымен қатар балаларға қалдықтарды қайта пайдалану мен ұжым болып жұмыс істеудің маңызын көрсетеді.
Мұқағали Мақатаевтың бейнесін ерекше тәсілмен жасаған оқушының еңбегі ұлттық әдебиетке құрмет пен экологиялық жауапкершілікті ұштастырған шығармашылық жобаға айналды.
Дерек көзі: Астана қаласының әкімдігі