Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының өкілдері Айбек Айтбеков пен Юсуф Ашрапов АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатының финалына жолдама алды, деп хабарлайды NaizaNews.kz Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Айбек Айтбеков жартылай финалда украиналық Евгений Поковбамен белдесті. Қазақстандық спортшы қарсыласын жеңіп, ақтық сынға өтті.
Ал 72 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Юсуф Ашрапов жартылай финалда Түркия өкілі Ибрахим Өздемирмен кездесті. Ол да қарсыласынан басым түсіп, алтын медаль үшін күресуге мүмкіндік алды.
Финалда Айбек Айтбеков Әзербайжан спортшысы Эльмир Әлиевпен кездеседі. Ал Юсуф Ашраповтың қарсыласы Армения өкілі Гаспар Тертерян болады.
Осылайша қазақстандық екі балуан өз салмақ дәрежелерінде әлем чемпионы атағы үшін белдеседі.
Дерек көзі: olympic.kz