Бельгия королі Филипп мемлекеттік сапары барысында Қазақстанның бай тарихы мен мәдениетін жақынырақ танып-білуге қызығушылық білдірді, деп хабарлайды NaizaNews.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Монарх Астана мен Алматыдағы көрікті орындар мен музейлерге баруды асыға күтетінін айтты. Ол Алтын Орда дәуірінен бастау алатын тарихи мұраға, сондай-ақ Абай шығармаларында суреттелген Қазақстанның табиғи және мәдени байлығына ерекше назар аударды.
«Астана мен Алматының көрікті жерлері мен музейлерін аралап, Алтын Орда дәуірінен тамыр тартатын тарихпен тіл қатысуға асықпын. Бельгия делегациясымен бірге Абай шығармаларында айрықша суреттелген, қазақтың ұлттық ерекшеліктерін паш ететін табиғи және мәдени қазынамен танысуға құштармыз. Қазақ елі қонақжайлығымен мәшһүр. Елдеріңіз қоғамның ынтымақ-бірлігін өз ішінде ғана емес, аймақтық және халықаралық деңгейде нығайтуға белсенді түрде үлес қосып келеді. Осы бағытта Қазақстан әрдайым маңызды рөл атқарады», – деді ол.
Сөзінің соңында Бельгия королі көрсетілген сый-құрмет үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа тағы да алғыс білдірді. Ол мемлекеттік сапардың мәнін қазақтың дәстүрлі тілегі арқылы жеткізді.
«Шаңырағыңыз биік болсын!». Мен бұл сөзді дұрыс айттым деп ойлаймын. Қазақстанға мемлекеттік сапарымыздың мәнін аталған тілек толығымен ашады. Отбасы бірлігі мен ұрпақтар сабақтастығын, ырыс пен несібені, бейбіт өмір мен жылы ұяны осы бірауыз сөзге сыйдыруға болады, – деді Король Филипп.
Дерек көзі: Ақорда