Жасанды интеллектіні қауіпсіз дамытуға қатысты халықаралық тәсілдер ЖИ-ді дамыту жөніндегі кеңестің отырысында талқыланды, деп хабарлайды NaizaNews.kz Ақордаға сілтеме жасап. Қасым-Жомарт Тоқаев «Вашингтон моделін» қолдап, мемлекеттер мен бизнес қауымдастықтың бірлесіп әрекет етуі маңызды екенін атап өтті.
Әңгіме АҚШ президенті Дональд Трамп пен ірі технологиялық компаниялар басшылары қол қойған жасанды интеллект технологияларын қауіпсіз әрі жауапкершілікпен дамыту туралы ерікті келісім жөнінде болып отыр. Мемлекет басшысы бұл бастаманы маңызды әрі дер кезінде көтерілген мәселе деп бағалады.
— Дер кезінде көтерілген осы маңызды бастаманы құптаймын. Жасанды интеллектіге қатысты қауіп-қатерлер ешқандай шекараға бағынбайтынын бәрі түсінеді. Сондықтан мемлекеттер мен бизнес қауымдастық тарапынан үйлесімді әрекет қажет. Вашингтонда қол қойылған келісімді сарапшылар мұқият зерделеген соң мүдделі мемлекеттер жасанды интеллект саласын жаһандық деңгейде реттейтін үлгі ретінде қарастыруына болады. «Вашингтон моделі» БҰҰ аясындағы халықаралық келісімге негіз болуға лайық деп ойлаймын. Қазақстан жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі жауапкершілікпен дамытуды қолдайды. Осы орайда, аталған мәселе бойынша сындарлы халықаралық диалог жүргізуге алаң ұсына аламыз. Кеңес іс жүзінде маңызды екенін көрсетті. Сондықтан Кеңес мүшелерінен қысқа мерзім ішінде Қазақстанның осы салаға қатысты халықаралық бастамасына нақты ұсыныс беруді сұраймын. Ортақ ұстаным биыл желтоқсан айында Майамиде өтетін G20 саммитінде таныстырылады, — деді Мемлекет басшысы.
Президент Вашингтонда қол қойылған келісімді жасанды интеллект саласындағы халықаралық тетіктің ықтимал негізі ретінде қарастыруды ұсынды. Қазақстан бұл бағыттағы халықаралық талқылауға қатысып, сындарлы диалог үшін алаң ұсынуға дайын екенін білдірді.
Енді Кеңес мүшелері Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы халықаралық бастамасына қатысты нақты ұсыныстар әзірлеуі тиіс.
Источник: Ақорда