Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан өнеркәсібіне жасанды интеллектіні белсенді енгізуді тапсырды, деп хабарлайды NaizaNews.kz Ақордаға сілтеме жасап. Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысында Мемлекет басшысы DeepTech жобаларына, мықты технологиялық командалар құруға және өндірістік деректермен жұмыс істеуге ерекше назар аударды.
Президенттің айтуынша, кәсіпорындардың нақты міндеттерін шешу үшін ғылыми қауымдастық, технологиялық компаниялар және стартаптар өкілдерін біріктіретін командалар қажет. Бұл жұмысқа AI Challenge тетігі арқылы талантты жастар мен цифрлық көшпелілерді де тарту ұсынылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев AI-Sana бағдарламасына да ерекше тоқталды. Бағдарлама өндірістің нақты қажеттіліктерімен тығыз байланысып, жас мамандарға практикалық тәжірибе алуға және экономиканы технологиялық жаңғыртуға қатысуға мүмкіндік беруі тиіс.
Үкіметке жасанды интеллектіні өнеркәсіпте қолданудың бірыңғай тетігін қалыптастыру тапсырылды. Ол қажетті команданы таңдаудан бастап, әзірлемелерді сынау, экономикалық тиімділігін бағалау және сәтті шешімдерді одан әрі енгізуге дейінгі барлық кезеңді қамтуы қажет.
Президент өндірістік деректермен жұмыс істеуді де маңызды бағыттардың бірі деп атады. Оның айтуынша, кәсіпорындарда үлкен көлемде ақпарат жинақталғанымен, деректер шашыраңқы, сапасы әркелкі және жасанды интеллект жүйелерінде қолдануға әрдайым жарай бермейді.
Осыған байланысты Үкімет бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп, салалық өндірістік деректер базасын қалыптастырудың ортақ тәсілдерін әзірлеуі тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жасанды интеллектіні дамыту үшін қажетті негіз қалыптасқанын атап өтті. Ендігі міндет — технологияларды нақты экономикалық нәтижеге бағыттап, елдің индустриялық дамуының құралына айналдыру.
Мемлекет басшысы Кеңестің келесі отырысын көлік-логистика саласына жасанды интеллектіні енгізу мәселесіне арнауды ұсынды.
Соцсети
Дерек көзі: Ақорда