Қазақстан Германиямен жоғары білім, ғылым және технология саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды NaizaNews.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Қасым-Жомарт Тоқаев Берлинде Германияның маңдайалды жоғары оқу орындарының ректорларымен және ғылыми институт жетекшілерімен серіктестіктің жаңа бағыттарын талқылады.
Бүгінде Қазақстанның 45 университеті Германиядағы 100-ге жуық серіктеспен ынтымақтастық орнатқан. Екі мыңға жуық қазақстандық студент Германияда білім алады. Сонымен қатар елімізде шетелдік университеттердің 30-дан астам филиалы мен серіктес өкілдігі жұмыс істейді. Мемлекет басшысы Қазақстанды Еуразиядағы жетекші академиялық және ғылыми-зерттеу орталығына айналдыру стратегиялық басымдықтардың бірі екенін атап өтті.
Қазір Қазақстанда 40 мыңнан астам шетелдік студент білім алады. 2029 жылға қарай олардың санын 100 мыңға дейін арттыру жоспарланған. Қазақстан мен Германияның білім саласындағы серіктестігі аясында Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстарында және Алматыда бірлескен университеттер ашылды.
Президент ынтымақтастықты үш негізгі бағыт бойынша дамыту ұсынысын айтты. Бірінші бағыт бірлескен білім беру және қос диплом бағдарламаларын кеңейтуді, сондай-ақ екі елдің студенттері мен зерттеушілеріне арналған арнайы білім алмасу бағдарламасын іске қосуды көздейді.
Екінші бағыт – бірлескен ғылыми зерттеулер. Қазақстан Horizon Europe бағдарламасына қауымдастырылған мүше ретінде қосылу жөнінде келіссөз бастады. Сондай-ақ еліміз бюджеті 300 миллион еуродан асатын Шикізат материалдары бойынша еуропалық серіктестіктің толыққанды мүшесі. TiBeRIUM жобасына Horizon Europe бағдарламасы 7,5 миллион еуро көлемінде қаржылай қолдау көрсеткен.
Үшінші бағыт – технология трансфері. Қазақстан ғылыми зерттеулерге бөлінетін қаржы көлемін ішкі жалпы өнімнің 1 пайызына дейін арттыруды көздеп отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев неміс кәсіпкерлерін бірлескен мекемелер жанынан инженерлік зертханалар мен технология трансфері орталықтарын ашуға шақырды.
Жасанды интеллект саласына да ерекше назар аударылды. AI-Sana бағдарламасы аясында 700 мың студент жасанды интеллект бойынша сертификатталған машыққа ие болған. Қазақстан неміс ғылыми ұйымдары мен компанияларына қолданбалы цифрлық шешімдер мен Индустрия 4.0 технологияларын сынақтан өткізу үшін алаң ұсынуға дайын екенін білдірді.
Дерек көзі: Ақорда