Қасым-Жомарт Тоқаев Берлинде Германия канцлері Фридрих Мерцпен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды NaizaNews.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Тараптар Қазақстан мен Германия арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты нығайтуға бейіл екенін растады.
Келіссөздің негізгі бағыттарының бірі сауда-экономикалық ынтымақтастық болды. 2025 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 13,4 пайызға өсіп, 4,5 миллиард долларға жетті. Германияның Қазақстанға соңғы 21 жылда салған инвестициясы 8 миллиард долларды құрады. Бірлескен инвестициялық портфельде жалпы құны шамамен 54 миллиард доллар болатын 40 өнеркәсіп жобасы бар.
Тараптар өнеркәсіп, аса маңызды минералдар, көлік және логистика, цифрлық технологиялар, машина жасау және химия өнеркәсібіндегі ынтымақтастықтың келешегін де талқылады. Қосылған құны жоғары өнім шығаратын жобаларға ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар Қазақстан мен Германия халықаралық құрылымдардағы, оның ішінде «Орталық Азия – Германия» форматы аясындағы өзара іс-қимылды жандандыруға уағдаласты. Білім, ғылым және мәдени-гуманитарлық жобалар саласындағы ынтымақтастық мәселелері де қаралды.
Келіссөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Фридрих Мерцті Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.
Дерек көзі: Ақорда