Қасым-Жомарт Тоқаев Берлинде Deutsche Bahn, Wilo Group және D.A.R. Metall AG компанияларының басшыларымен кездесті, деп хабарлайды NaizaNews.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Келіссөздер көлік және өнеркәсіп салаларындағы жобаларды дамытуға және неміс компанияларымен ынтымақтастықты кеңейтуге арналды.
Deutsche Bahn басшыларымен кездесуде теміржол саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері қаралды. Президент DB Engineering & Consulting пен «Қазақстан темір жолы» компаниясының жолаушылар тасымалын дамыту жөніндегі бірлескен жобасын атап өтті. Сондай-ақ қазақстандық өндірушілерді герман концернінің жеткізу тізбегіне тарту, контейнерлік тасымал және Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту мәселелері талқыланды.
Wilo Group басқарма төрағасы Оливер Гермеспен кездесуде Қазақстандағы өндірісті жергіліктендіруді кеңейту мәселесі талқыланды. Компания инженерлік және сервистік құзыреттерді дамытып, Алатау қаласында сорғы жабдықтарына арналған өңірлік сервистік және инженерлік орталық ашуды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар қазақстандық компаниялармен, университеттермен және техникалық мамандармен ынтымақтастық, кадр даярлау және заманауи өндірістік шешімдерді енгізу мүмкіндіктері қарастырылды.
D.A.R. Metall AG басқарма төрағасы Кристиан Артнермен кездесуде металлургия саласындағы бірлескен жобалардың перспективалары талқыланды. Компания Қазақстанда металдарды қайта өңдеуге, Алатаудағы тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу жобасына және Qarmet-пен жаңа бастамаларға қызығушылық білдірді.
Дерек көзі: Ақорда