2026 жылғы 25 желтоқсаннан бастап Алматыдан Малайзиядағы Лангкави архипелагына тікелей рейстер ашылады, деп хабарлайды NaizaNews.kz Қазақстан Республикасының Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Air Astana әуе компаниясы рейстерді аптасына үш рет — сейсенбі, жұма және жексенбі күндері орындайды. Бағыт күзгі-қысқы навигация кезеңінде 2027 жылғы 27 наурызға дейін жұмыс істейді. Ұшулар Airbus A321LR әуе кемелерімен орындалады.
Ұшу уақыты шамамен сегіз сағатты құрайды. Алматыдан ұшақ 21:35-те ұшып, Лангкавиге келесі күні 08:10-да қонады. Кері рейс 09:40-та ұшып, Алматыға 14:40-та жетеді.
Барлық алымдарды есептегенде екі бағытқа ең төменгі билет құны экономкласста 326 605 теңге, бизнес-класста 886 587 теңге болады.
Көлік министрлігінің мәліметінше, жаңа бағыт Қазақстанның халықаралық әуе қатынасын кеңейтуге және Малайзиямен туристік байланыстарды дамытуға ықпал етеді.
Қазақстан азаматтары Малайзияға 30 күнге дейін визасыз бара алады.
Дерек көзі: Depositphotos.com