Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың басым бөлігі Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қорғаныс министрлігіне кешенді тексеру жүргізу және одан кейін армияны реформалау туралы шешімін қолдайды.
Мұндай деректерді Президенттің қорғаныс ведомствосының басшылығымен өткізген кеңесінен кейін 28–29 қыркүйекте қоғамдық пікірге сауалнама жүргізген «Демократия институты» ғылыми-зерттеу қауымдастығы келтірді.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, респонденттердің 85,2%-ы Қорғаныс министрлігін кешенді тексеруді толық немесе негізінен қолдайды. Ал Қарулы күштер реформасын сауалнамаға қатысқандардың 85,7%-ы оң бағалаған.
Қазақстандықтар реформадан күтетін нақты өзгерістерді де атады. Бірінші орында — Қорғаныс министрлігінің ашықтығы мен есептілігін арттыру. Бұл нұсқаны респонденттердің 47,4%-ы таңдаған.
34,3%-ы командалық құрамды жаңарту және кәсібилендіру қажет деп санайды, тағы 29,4%-ы қорғаныс саласындағы сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуді қолдаған.
Қатысушылардың 25,3%-ы әскери қызметшілердің қауіпсіздігі мен әлеуметтік жағдайын қамтамасыз етуді маңызды деп атады. Қару-жарақ пен әскери техниканы жаңартуды 20,7%, жаңа технологиялар мен цифрлық шешімдерді енгізуді 20,4%, жауынгерлік дайындық пен оқу-жаттығулар деңгейін арттыруды 19,2% қолдаған.
Осылайша, қазақстандықтар реформадан елдің қорғаныс қабілетін күшейтумен қатар, жүйенің өз ішіндегі өзгерістерді де күтеді — командалық құрамның сапасы мен Қорғаныс министрлігінің ашықтығынан бастап, әскери қызметшілердің қауіпсіздігі мен қызмет өткеру жағдайына дейін.
Сауалнама 28–29 қыркүйекте онлайн-сауалнама әдісімен Қазақстанның 17 облысынан, Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан 1012 тұрғынның қатысуымен жүргізілді.
Дерек көзі: Aqorda