Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке есту аппараттарының отандық өндірісін тез арада жолға қоюды тапсырды, деп хабарлайды NaizaNews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы бұл туралы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы іс-шарада сөйлеген сөзінде айтты. Президент Парламенттің бұрынғы құрамы есту қабілеті бұзылған балаларға арнайы құрылғыларды тегін беру мәселесіне қатысты заңнамаға өзгеріс енгізу қажет деп ұйғарғанын атап өтті.
«Парламенттің бұрынғы құрамы заңнамаға есту қабілеті бұзылған балаларға арнайы құрылғыны ақысыз беру туралы өзгерістер енгізу қажет деп ұйғарды. Мұндай аппараттар шетелде шығарылады. Сондықтан Үкімет тез арада отандық өндірісті жолға қоюы керек».
Сонымен қатар Мемлекет басшысы әлеуметтік көмек пен жеңілдіктердің нақты мұқтаж азаматтарға берілуін қамтамасыз ету қажеттігін айтты.
«Жалпы, Үкімет Құрылтаймен және қоғамның белсенді өкілдерімен бірлесіп, әлеуметтік көмектер мен жеңілдіктердің мақсатқа сай берілуін қамтамасыз етуі қажет. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет шын мәнінде мұқтаж жандарға көмек қолын созуға міндетті».
Президенттің айтуынша, сонда ғана әділдік салтанат құрады. Ол бұл жұмысқа осы аттас партия да атсалысады деген сенім білдірді.
Дерек көзі: magnific.com