Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына арналған «Шексіз музыка» («Бесконечная музыка») кітабының 60 данасы Алматыдан Мексикаға жеткізілді, деп хабарлайды NaizaNews.kz DimashNews-ке сілтеме жасап.
«Алматы кітап» баспасынан жарық көрген кітаптар қазақстандық өнерпаздың жергілікті тыңдармандары — Dears қауымдастығына табысталды. Ресми табыстау рәсімі 29 тамызда Қазақстан Республикасының Мексикадағы Елшілігінде өтті.
Іс-шараға Қазақстанның Мексикадағы елшісі Алмурат Турганбеков, дипломатиялық өкілдік қызметкерлері, елшілік кеңесшісі Ерлан Кубашев және мексикалық Dears қауымдастығының өкілдері қатысты.
DimashNews мәліметінше, елші Димаштың шығармашылығына қолдау білдіріп, Қазақстанға қызығушылық танытып жүрген тыңдармандарға алғыс айтты. Сондай-ақ тараптар өнерпаздың Мексикада өтетін алдағы концерттерін талқылады.
Қараша айында Димаштың концерттері Мехико, Мерида, Монтеррей және Гвадалахара қалаларында өтеді деп жоспарланған. Бұл концерттерге Мексиканың әр өңірінен ғана емес, Латын Америкасының басқа елдерінен де тыңдармандар келеді деп күтілуде.
Сонымен қатар Қазақстан Елшілігі концерттер өтетін төрт қалада еліміз туралы фотокөрмелер ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Жергілікті тыңдармандар бұл бастаманы қолдады.
Дерек көзі: DimashNews