Қазақстанда күзгі әскерге шақыру науқаны басталды, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап. Желтоқсан айының соңына дейін кейінге қалдыруға немесе әскерге шақырудан босатылуға құқығы жоқ 18 бен 27 жас аралығындағы 23 мың азаматты мерзімді әскери қызметке шақыру жоспарланып отыр.
12 мыңнан астам адам Қарулы күштер қатарына жіберіледі. Тағы 7 мың адам Ұлттық ұланда, 3 мың адам ҰҚК Шекара қызметінде әскери борышын өтейді. ТЖМ бөлімшелеріне 400-ден астам, ал Мемлекеттік күзет қызметіне 300-ге жуық адам жіберіледі.
Қалалық және аудандық шақыру комиссиялары жұмысын бастап кетті. Азаматтар әскери есепке қатысты ақпаратты электрондық үкімет порталындағы жеке кабинеті арқылы тексере алады.
Мерзімді әскери қызметшілерге қолдау шаралары қарастырылған. Әскери қызмет өткеру кезеңінде банк қарыздары мен микрокредиттер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігі беріледі.
Әскери қызметін аяқтаған азаматтарға ҰБТ тапсырмай, жоғары оқу орындарына мемлекеттік білім беру гранты бойынша түсу мүмкіндігі де қарастырылған.
Дерек көзі: Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі