Қазақстанда мемлекетке қайтарылған қаражаттың 40 млрд теңгеден астамы көлік саласындағы алты ірі жобаны жүзеге асыруға бағытталды, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Бас прокуратурасына сілтеме жасап. Оның үшеуі қазірдің өзінде аяқталған.
Қадағалау органының мәліметінше, активтерді қайтару жұмыстары аясында мемлекет меншігіне 1 трлн теңгеден астам қаражат қайтарылған. Бұл қаражат мектептер, ауруханалар, спорт нысандары және көлік инфрақұрылымы секілді әлеуметтік маңызы бар нысандарды салуға және жаңғыртуға жұмсалып жатыр.
Аяқталған жобалардың бірі — Павлодар әуежайын қайта жаңғырту. Арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен әуежайдың ұшу-қону жолағы жаңартылды. Жүргізілген жұмыстардан кейін әуежайдың өткізу қабілеті сағатына 200-ден 300 жолаушыға дейін артты.
Арқалықта да ауқымды жұмыстар жүргізілді. Мұнда жолаушылар әуе қатынасы 30 жылдан астам уақыт бойы болмаған. Қалада жаңа жолаушылар терминалы салынып, ұшу-қону жолағы, рульдеу жолы мен перрон қайта жаңғыртылды. Жобаның жалпы құны шамамен 20 млрд теңгені құрады, оның 6 млрд теңгесі Арнайы мемлекеттік қордан бөлінді. 22 тамызда әуежай Астана – Арқалық бағыты бойынша алғашқы жолаушылар рейсін қабылдады.
Тағы бір жоба Балқашта жүзеге асырылды. Әуежайды қайта жаңғыртуға қайтарылған активтер есебінен 945 млн теңге бөлінді. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде әуежай инфрақұрылымы жаңартылып, ұшу қауіпсіздігі мен жолаушыларға қызмет көрсету жағдайлары жақсартылды.
Балқаш әуежайы 1 маусымда жұмысын бастады. Бас көлік прокуратурасының 12 тамыздағы мәліметінше, әуежай ашылғаннан бері 85 рейс орындалып, 10 681 жолаушыға қызмет көрсетілген. Ведомство мәліметінше, қайта жаңғырту қаланың көлік қолжетімділігін арттырып, өңірдегі туризм мен экономиканы дамытуға қосымша мүмкіндік береді.
Бас көлік прокуратурасы көлік саласындағы жобалардың заң талаптарына сай жүзеге асырылуын және мемлекеттік қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылауды жалғастырып отыр.
Дерек көзі: egementimes