Қазақстан құрамасы Эквадордың Гуаякиль қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы дзюдодан әлем чемпионатының аралас командалық жарысында алғаш рет жеңіске жетті, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Командалық жарысқа дейін қазақстандық спортшылар жекелей сындарда да рекордтық нәтиже көрсетті. Құрама үш алтын, үш күміс және төрт қола — барлығы 10 медаль жеңіп алды. Ұлдар командалық есепте бірінші, ал қыздар екінші орынға ие болды.
Тағы бір тарихи жетістік Фатима Супығалиеваға тиесілі. Ол жасөспірім қыздар арасында әлем чемпионы атанған алғашқы қазақстандық дзюдошы ретінде тарихқа енді.
Аралас командалық жарыста Қазақстан құрамасы алғашқы кездесуінде Болгарияны 4:1 есебімен жеңді. Ширек финалда қазақстандық дзюдошылар Жапонияны 4:2 есебімен ұтса, жартылай финалда дәл осындай есеппен Өзбекстаннан басым түсті.
Финалда Қазақстан Бразилия құрамасымен кездесті. Негізгі белдесулер 3:3 есебімен аяқталып, қосымша белдесу өткізілді. 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі шешуші белдесуде Иянат Жубаткан Қазақстан құрамасына чемпиондық атақ әкелді.
Туризм және спорт министрлігі қол жеткізілген нәтижелерді құрама командаларды даярлау жүйесіндегі өзгерістермен байланыстырады. Париждегі Олимпиада ойындарынан кейін ведомство Қазақстан дзюдо федерациясы және «Жеңіс» клубымен бірлесіп, спортшыларды даярлау тәсілдерін жаңартуға кірісті. Жұмысқа Эцио Гамбаның командасын қоса алғанда, шетелдік мамандар да тартылған.
«Біз біртұтас даярлық жүйесін қалыптастырып жатырмыз: жасөспірімдер — жастар — ұлттық құрама — Олимпиада ойындары. Спортшы бір жас санатынан екіншісіне өткен кезде дайындықты қайта бастамауы тиіс. Ол бірыңғай талаптар, ғылыми сүйемелдеу және нақты даму траекториясы қамтылған ортақ модель аясында жұмысын жалғастырады. Командалық алтын мен жекелей жарыстардағы рекордтық он медаль — жаңа жүйенің тиімді жұмыс істеп жатқанының нақты дәлелі. Ендігі міндетіміз — осы тәжірибені басқа спорт түрлеріне кезең-кезеңімен енгізу», — деп атап өтті Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.
Бірыңғай даярлық жүйесі жаттығу үдерісін ғылыми тұрғыдан талдауды, функционалдық диагностиканы, жүктемелерді жеке жоспарлауды, спорттық медицинаны, қалпына келтіруді және әр спортшының даму динамикасын тұрақты бақылауды қамтиды.
Осындай тәсілдер қазақстандық және шетелдік мамандарды тарта отырып, семсерлесу, бокс, күрес және басқа да спорт түрлеріне де енгізіліп жатыр.
Дерек көзі: Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі