Астанада 20 жылдан астам уақыт бұрын жасалған кісі өлтіру қылмысы ашылды, деп хабарлайды NaizaNews.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
2005 жылдың маусым айында елорданың шетінен зорлық-зомбылық белгілері бар ер адамның денесі табылған. Ол кезде тікелей дәлелдердің болмауына байланысты кінәлілерді анықтау мүмкін болмаған.
Биыл криминалдық полиция қызметкерлері архивтегі қылмыстық іс материалдарын қайта зерделеді. Құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын қалпына келтіріп, қосымша жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді.
Нәтижесінде полицейлер дәлелдер жинап, Павлодар облысының екі тұрғынының қылмысқа қатысы бар екенін анықтады. Тамыз айында күдіктілер ұсталды.
«Тамыз айында күдіктілер ұсталып, кісі өлтіргендерін мойындады. Қылмыс олардың алкогольдік масаң күйде болған кезінде туындаған жанжал барысында жасалғаны анықталды. Екі күдікті де қамауға алынды. Тергеу жалғасуда», - деді ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.
Дерек көзі: Polisia.kz