Ташкентте өтіп жатқан ауыр атлетикадан Азия чемпионатында қазақстандық Снежана Кашкарова жарыстың ең жоғары нәтижелерінің бірін көрсетті, деп хабарлайды NaizaNews.kz Ауыр атлетика федерациясына сілтеме жасап.
Спортшы 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсті. 17 және 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы жарыстың қорытындысы бойынша ол бес алтын медаль иеленіп, өз санатында Азияның абсолютті чемпионы атанды.
Жұлқа көтеруде Снежана Кашкарова 88 келіні, серпе көтеруде 112 келіні еңсерді. Қоссайыс қорытындысында оның нәтижесі 200 келіні құрады.
Бұдан бөлек, жас спортшы бірден алты рекорд орнатты — оның үшеуі құрлықтық, үшеуі әлемдік рекорд.
Ауыр атлетика федерациясында Снежана Кашкарованың нәтижесі осы жарыстағы ең жарқын көрсеткіштердің бірі болғанын атап өтті.
Дерек көзі: Фото: Ауыр атлетика федерациясы