Іздеуде жүрген Қайсар Камза Қазақстанға қайтарылды, деп хабарлайды NaizaNews.kz журналист Михаил Козачковқа сілтеме жасап.
Журналистің мәліметінше, оқырмандар Вьетнамдағы Камрань әуежайынан түсірілген фотосуреттерді жолдаған. Суреттерде Қайсар Камзаның Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерімен бірге жүргені байқалады.
Қайсар Камза әлеуметтік желілердегі контентінің арқасында танымал болып, Instagram парақшасына екі миллионнан астам адам жазылған. Тергеу нұсқасы бойынша, кейін ол әлеуметтік желілері мен 400 мыңнан астам оқырманы бар Telegram-арнасы арқылы Қазақстанда тыйым салынған онлайн-казиноларды жарнамалаған.
Тергеу мәліметінше, жарнама қолданушыларды Pin-Up брендімен жұмыс істеген заңсыз құмар ойын сайттарына бағыттаған. Блогер осы жарнама үшін қомақты сыйақы алған деген күдік бар. Тергеу барысында одан шамамен 200 мың АҚШ долларына тең криптовалюта активтері анықталған.
Қазақстаннан кеткеннен кейін Қайсар Камза Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде болған. Кейін Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша ол Вьетнамда ұсталды. Михаил Козачковтың мәліметінше, кейін блогер Қазақстанға қайтарылды.
Журналистің айтуынша, осы қылмыстық іс аясында Украина азаматтары Дмитрий Дружинский мен Марина Левкович-Гинзбург те халықаралық іздеуге жарияланған. Тергеу оларды Қазақстандағы онлайн-казино қызметін ұйымдастырды деп санайды. Сонымен қатар букмекерлік компания мен онлайн-казиноның түпкілікті бенефициарлары ретінде Кипрде тұрақты тұратын Дмитрий Пунин мен Марина Ильина аталады.
Источник: Kozachkov offside Telegram-арнасы