Астанада III Халықаралық жасанды интеллект олимпиадасының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйледі, деп хабарлайды NaizaNews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстанның цифрлық даму бағытын таңдағанын атап өтті. Оның айтуынша, еліміз БҰҰ-ның Электрондық үкіметті дамыту индексінде 193 мемлекеттің ішінде 24-орында тұр және жаңа технологияларды енгізуге дайындық деңгейі бойынша Орталық Азияда көш бастап келеді. Сондай-ақ Президент 2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланғанын еске салды.
«Біз жасанды интеллект мемлекеттік басқару, экономика және бизнес үшін маңызды құралға айналатын, қоғам өмірінің барлық саласын қамтитын бірыңғай инновациялық экожүйе қалыптастырып жатырмыз», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстанда сапалы білім беруге және дарынды жастарды қолдауға ерекше көңіл бөлінетінін айтты. Ол өткен жылы Бейжіңде өткен жасанды интеллект олимпиадасында қазақстандық оқушылар үш алтын, бір күміс және үш қола медаль жеңіп алғанын еске алып, ұстаздар мен тәлімгерлерге алғыс білдірді.
«Сіздердің білімдеріңіз медицина, білім беру, экология және басқа да маңызды салалардағы жаңа шешімдердің негізіне айналуы мүмкін. Бәлкім, дәл осы олимпиадада әлемді жақсы жаққа өзгертетін жаңа идеялар мен жобалар дүниеге келер», — деді Мемлекет басшысы.
Салтанатты рәсімнен кейін Президентке олимпиаданың құрылымы, байқау тапсырмалары және автономды роботтың жұмысы таныстырылды. Халықаралық жасанды интеллект олимпиадасы Астанада 2–8 тамыз аралығында өтуде. Оған 106 елден келген 500-ден астам дарынды оқушы қатысып, жасанды интеллект модельдерін әзірлеу және автономды роботтарды бағдарламалау бойынша бақ сынауда.
Источник: Aqorda