Шымкентте дәрігерлер 15 жастағы жасөспірімге шұғыл операция жасап, оның асқазанынан тығыз шаш түйінін алып шықты, деп хабарлайды NaizaNews.kz Otyrar.kz сайтына сілтеме жасап.
Жасөспірім қабылдау бөліміне жеткізілген. Онда оны кезекші хирургтер қарап, диагнозды нақтылау үшін зертханалық және аспаптық тексерулер жүргізді. Атап айтқанда, жалпы қан мен зәр талдауы, құрсақ қуысы ағзаларының ультрадыбыстық зерттеуі, шолу рентгенографиясы және компьютерлік томография жасалды.
Тексеру нәтижелері бойынша дәрігерлер шұғыл операция жасау туралы шешім қабылдады.
Хирургиялық араласу кезінде жасөспірімнің асқазанынан бөгде түзіліс — трихобезоар алынды. Бұл салмағы шамамен 1 килограмм, ұзындығы 30 сантиметр болатын тығыз шаш түйіні.
Операция сәтті өтті. Операциядан кейін жасөспірім дәрігерлердің бақылауында болуы үшін реанимация және қарқынды терапия бөліміне ауыстырылды.
Источник: magnific.com, Otyrar.kz