Қазақстанда Finkelisim.kz бірыңғай цифрлық платформасында берешекті ұжымдық реттеу тетігі кеңейтіледі, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сілтеме жасап.
Енді платформа арқылы банктер мен микроқаржы ұйымдары алдындағы қарыздармен қатар, коллекторлық агенттіктерге берілген тұтынушылық банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша берешекті де реттеуге болады.
Қарыз алушылар рәсімді «бір терезе» қағидаты бойынша өтіп, әр кредитормен жеке келіссөз жүргізбейді.
Платформа арқылы қарыз алушының қаржылық жағдайы кешенді түрде қаралып, берешекті реттеудің мүмкін жолдары айқындалады. Мұндай тәсіл сотқа дейінгі реттеудің тиімділігін арттырып, азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру мүмкіндігін кеңейтеді.
Қолданыстағы қатысу шарттары сақталады. Тетікті екі және одан көп кредитор алдында күнтізбелік 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыз алушылар пайдалана алады.
Сондай-ақ соңғы 12 ай ішінде қарыз алушы ұжымдық реттеу рәсімінен өтпеген болуы керек. Бұдан бөлек, оған қатысты төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе банкроттық рәсімі басталмаған болуы тиіс.
Агенттік мәліметінше, платформаны кеңейту бөлшек кредиттеуді реттеу реформасы аясында жүргізіліп жатыр. Оның мақсаты — халықтың борыш жүктемесін азайту, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту және туындаған мәселелерге кейін жауап беруден гөрі, олардың алдын алуға көшу.
Дерек көзі: Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі