Қазақстанда Астана – Шанхай бағыты бойынша тікелей әуе қатынасын ашу жоспарланып отыр, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Бұл мәселе Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары барысында талқыланды. ҚР КМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева China Eastern Airlines әуе компаниясының маркетинг және сату жөніндегі аға вице-президенті Джин Ченчумен кездесті.
Келіссөздердің негізгі тақырыбы Астана мен Шанхай арасындағы тікелей рейстерді іске қосу болды. Әуе компаниясының өкілдері бұл бағытқа жоғары коммерциялық қызығушылық бар екенін растады және қажетті дайындық жұмыстары аяқталғаннан кейін рейстерді бастауға дайын екенін жеткізді.
Алдын ала жоспар бойынша, рейстер биылғы күзде іске қосылуы мүмкін. Бастапқы кезеңде ұшақтар аптасына үш рет қатынайды. Кейін рейстердің жиілігін күнделікті ұшуға дейін арттыру көзделіп отыр.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы маршруттық желіні одан әрі кеңейту мүмкіндіктерін де талқылады. China Eastern Airlines басшылығы Қазақстанға орындалатын рейстер санын көбейтуге және қазақстандық әуе тасымалдаушыларымен ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық білдірді.
Жаңа бағыттың ашылуы екі ел арасындағы әуе қатынасын дамытудағы тағы бір маңызды қадам болмақ. Астана мен Шанхай арасындағы тікелей рейстер туристік, іскерлік және инвестициялық байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ Қазақстанның транзиттік әлеуетін кеңейтуге ықпал етуі мүмкін.
China Eastern Airlines Қытайдың үш ірі мемлекеттік әуе компаниясының қатарына кіреді және елдегі көлемі жағынан екінші ірі әуе тасымалдаушы саналады. Компанияның штаб-пәтері Шанхай қаласында орналасқан.
Әуе компаниясының паркінде 834 әуе кемесі бар. 2025 жылы China Eastern Airlines 150 млн жолаушы тасымалдаған. Компания Шанхайдың екі әуежайынан күн сайын шамамен 550 рейс орындайды.
Дерек көзі: Magnific.com