Алматыда дәрігерлер пациентке ота жасап, оның жатырынан салмағы 5 килограмнан асатын миоманы алып тастады, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, әйел ұзақ уақыт бойы медициналық көмекке жүгінбеген. Осы уақыт ішінде миома едәуір үлкейіп, хирургиялық араласуды қажет еткен.
Жатыр миомасы әйелдер арасында жиі кездесетін қатерсіз түзілістердің бірі саналады. Алайда уақытылы бақылау мен ем болмаған жағдайда ол ұлғайып, денсаулық жағдайының нашарлауына және асқынуларға әкелуі мүмкін.
Дәрігерлер мұндай жағдайлар тұрақты профилактикалық тексерудің қаншалықты маңызды екенін көрсететінін айтады. Мамандар шағымдар, ауырсыну, етеккір циклінің бұзылуы немесе ағзадағы басқа да өзгерістер байқалса, дәрігерге қаралуды кейінге қалдырмауға кеңес береді.
Гинекологтың тұрақты бақылауы ауруларды ерте кезеңде анықтауға және емді уақытылы бастауға мүмкіндік береді. Бұл ауыр салдардың алдын алып, әйел денсаулығын сақтауға көмектеседі.
Дерек көзі: Magnific.com