16–17 шілде күндері Ақмола облысы Целиноград ауданының Нұресіл ауылында «Қазақстандық Jańa Dala / Green Day ’2026 Дала күні» мамандандырылған көрме-демонстрациясы өтеді, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Бұл – өсімдік және мал шаруашылығы саласындағы Қазақстандағы ең ірі салалық іс-шаралардың бірі. Көрме аграрлық сектор өкілдерін, ғалымдарды, ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілерді және фермерлерді бір алаңға жинайды.
Алғашқы күні ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, егінді сақтандыру және агроазық-түлік брендтерін дамыту мәселелеріне арналған «Қосылған құн: егістіктен тұтынушыға дейінгі жол» атты аграрлық форум өтеді.
Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы мен оның еншілес ұйымдары ғылымдағы жаңа жетістіктерін, ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сорттарын және өнімді қайта өңдеу саласындағы әзірлемелерін таныстырады.
Көрме алқаптарында тракторлар, егіс кешендері, бүріккіштер, топырақ өңдеу техникалары және басқа да заманауи ауыл шаруашылығы техникаларының жұмысы көрсетіледі. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы дрондарының мүмкіндіктері таныстырылады.
Мал шаруашылығы бағдарламасы аясында ангус, әулиекөл, герефорд, қазақтың ақбас сиыры, қалмақ және обрак тұқымдарының асыл тұқымды малдары көрсетіліп, байқаулар ұйымдастырылады. Кейін асыл тұқымды бұқашықтарды сатуға арналған ашық аукцион өтеді.
Сондай-ақ ірі қара малды қолдан ұрықтандыру саласының мамандары арасында «Үздік қолдан ұрықтандыру технигі» кәсіби байқауы ұйымдастырылады.
Екінші күні ORGANIC CENTRAL ASIA 2026 форумы өтіп, Орталық Азиядағы органикалық өндірісті дамыту мәселелері талқыланады. Сонымен қатар FASEP жобасы аясында Қазақстан мен Францияның тұрақты ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастығына арналған конференция ұйымдастырылады. Қонақтар үшін апи-домик таныстырылатын омарташылық көрмесі де өтеді.
Дерек көзі: Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі