Қазақстанда білім беру гранттары конкурсына қатысу үшін өтінім қабылдау басталды, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Өтінімдер 13–20 шілде аралығында қабылданады. Талапкерлер құжаттарын жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы, виртуалды қабылдау комиссияларының көмегімен немесе eGov.kz порталы арқылы онлайн тапсыра алады.
Конкурсқа қатысу үшін жеке куәлік, ҰБТ сертификаты, 3×4 көлеміндегі фотосурет, орта білім туралы аттестат, ал техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының түлектері диплом тапсыруы қажет. Жеңілдік санатына жататын талапкерлер тиісті растайтын құжаттарды да ұсынады.
Білім беру гранттары конкурсына қатысу және ақылы оқуға түсу үшін ҰБТ нәтижелері бойынша ең төменгі шекті баллдар белгіленді: «Педагогикалық ғылымдар» және «Құқық» бағыттары бойынша — кемінде 75 балл; «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша — кемінде 70 балл; ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін — кемінде 65 балл; басқа жоғары оқу орындарына түсу үшін — кемінде 50 балл.
Сонымен қатар жоғары оқу орындары білім гранттары конкурсына қатысу және ақылы оқуға қабылдау үшін өздерінің шекті балдарын белгілеуге құқылы.
Ауылдық жерлерден келген және әлеуметтік осал санаттарға жататын талапкерлер үшін мемлекеттік квоталар қарастырылған.
Министрлік мәліметінше, 2026 жылы «Цифрлық университет» қағидатын іске асыру жалғасады. Үдерістердің басым бөлігі автоматтандырылып, конкурстық іріктеудің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.
Білім беру гранттарының иегерлері 10 тамызға дейін жарияланады.
Источник: Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі