Қазақстан құрамасы физикадан 56-шы Халықаралық олимпиадада (International Physics Olympiad, IPhO) ел тарихындағы ең үздік нәтижеге қол жеткізді, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Беделді білім додасы 4–12 шілде аралығында Колумбияның Букараманга қаласында өтті. Биыл олимпиадаға әлемнің 85 елінен 381 оқушы қатысты. Қатысушылар күрделі теориялық және эксперименттік тапсырмаларды орындап, өздерінің білім деңгейі мен практикалық дағдыларын сынға салды.
Қазақстандық оқушылар барлық кезеңнен сүрінбей өтіп, тарихи нәтижеге қол жеткізді. Ұлттық құраманың бес мүшесі де алтын медаль иеленіп, еліміздің Халықаралық физика олимпиадасына қатысу тарихындағы ең үздік көрсеткішті тіркеді.
Алтын медаль иегерлері – Астана қаласындағы NURORDA мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Нұргүл Егенбергенова, Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Амирбек Азатбеков, Астана қаласындағы Spectrum International School мектебінің 12-сынып оқушысы Ілияс Қазымбек, Алматы қаласындағы «Мирас» халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы Роман Черемнов және Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Дамир Құрман.
Ұлттық құрама бұл жетістікке үш жыл бойы жүргізілген жүйелі дайындықтың нәтижесінде қол жеткізді. Команданы мектеп мұғалімдері, тәлімгерлер және ұлттық құраманың жаттықтырушылары дайындады. Дайындық жұмыстарына әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, PhD докторы Гүлия Нұрбақова жетекшілік етті. Ал олимпиада барысында ұлттық құраманың жұмысын SDU University аға оқытушысы, PhD докторы Самат Мақсұтов пен физикадан халықаралық олимпиадалардың жүлдегері Алишер Еркебаев үйлестірді.
Халықаралық физика олимпиадасы 1967 жылдан бері өткізіліп келеді және әлемдегі ең беделді оқушылар олимпиадаларының бірі саналады. Қазақстан бұл білім додасына 1997 жылдан бері тұрақты қатысып келеді. Егер 2025 жылы ұлттық құрама екі күміс және үш қола медаль жеңіп алған болса, биыл алғаш рет құраманың барлық бес мүшесі алтын медаль иеленіп, Қазақстан тарихындағы бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізді.
Дерек көзі: Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі