Қазақстандық команда Әзербайжанның Баку қаласында өткен XII халықаралық «Жас құтқарушы» жарысында сәтті өнер көрсетті, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Биылғы жарысқа Қазақстан, Әзербайжан, Ресей, Беларусь, Тәжікстан және Өзбекстан командалары қатысты.
Қазақстан намысын Батыс Қазақстан облысы Орал қаласындағы №40 орта мектептің оқушылары қорғады. Команданың барлық мүшесі 2025 жылы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің бастамасымен ашылған «Жас құтқарушы» бейіндік сыныбында білім алады. Олар халықаралық жарысқа қатысу құқығына республикалық кезеңдердегі жоғары нәтижелерінің арқасында ие болды. Бұған дейін мектеп оқушылары облыстық «Жас құтқарушы» слетінде жеңіске жеткен.
Бірнеше күн бойы қатысушылар аралас өрт сөндіру эстафетасы, кедергілер жолағы, «Менің елім – менің командам» байқауы және «Іздестіру және құтқару» кезеңі бойынша сынға түсті. Командалар дене дайындығын, құтқару ісіндегі тәжірибелік дағдыларын, командалық жұмыстағы үйлесімділігін және қауіпсіздік саласындағы білімдерін көрсетті.
Жарыс қорытындысында Қазақстан құрамасы алты елдің арасында жалпыкомандалық есепте төртінші орынға ие болды. Сонымен қатар команда «Менің елім – менің командам» байқауында бірінші орынды, ал аралас өрт сөндіру эстафетасында үшінші орынды жеңіп алды.
Министрліктің мәліметінше, халықаралық жарысқа қатысу жас құтқарушылардың тәжірибе жинақтап, өзге елдердің қатысушыларымен тәжірибе алмасуына мүмкіндік берді. Сондай-ақ олар Қазақстанның намысын лайықты қорғап, дайындық деңгейінің жоғары екенін көрсетті.
Дерек көзі: ҚР ТЖМ