2025 жылғы қыркүйек пен 2026 жылғы маусым аралығында қазақстандық астық пен астық баламасындағы ұн экспорты 13,1 млн тоннаны құрады, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мәліметінше, бұл өткен маусымның сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға жоғары. Ол кезде экспорт көлемі 11,6 млн тоннаны құраған.
Экспорттың негізгі өсімі Орталық Азия елдері мен Ауғанстанға жеткізілімдердің артуы есебінен қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, Өзбекстанға экспорт 38%-ға өсіп, 3,9 млн тоннадан 5,5 млн тоннаға жетті. Қырғызстанға жеткізілім көлемі 357 мың тоннадан 504 мың тоннаға дейін немесе 1,4 есеге артты. Ауғанстанға экспорт 59%-ға өсіп, 2,2 млн тоннаға жетсе, Түрікменстанға жеткізілім 37%-ға ұлғайып, 205 мың тоннаны құрады.
Министрліктің мәліметінше, бұл көрсеткіштер қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныстың жоғары екенін, оңтүстік бағыттағы логистикалық дәліздердің тұрақты жұмыс істеп тұрғанын және экспорттық логистиканы дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін көрсетеді.
Дерек көзі: Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі