Қазақстан авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тергеп-тексеру саласындағы ынтымақтастықты Халықаралық азаматтық авиация ұйымымен (ИКАО) кеңейтіп жатыр, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Монреаль қаласында қазақстандық делегация ИКАО Бас хатшысының міндетін атқарушы, Әуе көлігі бюросының директоры Мұхамед Рахмамен кездесті. Делегация құрамында Қазақстанның ИКАО жанындағы Тұрақты өкілі Тимур Тлегенов, Көлік министрлігінің Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу департаментінің директоры Нұржан Малаев, «Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеп-тексеру орталығы» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қатышев, сондай-ақ Қазақстанның авиациялық әкімшілігі мен «Қазаэронавигация» РМК өкілдері болды.
Кездесу барысында қазақстандық тарап жаңадан құрылған Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеп-тексеру орталығының қызметі мен даму жоспарларын таныстырды. Бұл орталық ИКАО-ның халықаралық стандарттары мен ұсынымдарына сәйкес авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тергеу үшін құрылған ТМД кеңістігіндегі алғашқы мамандандырылған органдардың бірі саналады.
Кездесу қорытындысында Орталық пен ИКАО арасында Қазақстандағы авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тергеп-тексеру жүйесін институционалдық тұрғыдан нығайтуға бағытталған келісімге қол қойылды.
Келісім аясында ИКАО сарапшылары Орталықтың техникалық мүмкіндіктеріне бағалау жүргізіп, тергеушілерді даярлау қажеттіліктеріне талдау жасайды және зертхананы заманауи жабдықтармен әрі техникалық ресурстармен қамтамасыз ету бойынша ұсынымдар әзірлейді.
Сонымен қатар ИКАО аудиті барысында анықталған ескертулерді жоюға және авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тергеп-тексерудің ұлттық жүйесін одан әрі жетілдіруге ерекше назар аударылады.
Министрліктің мәліметінше, ИКАО-мен бірлескен жұмыс ұшу қауіпсіздігін арттыруға, тергеудің заманауи әдістері мен технологияларын енгізуге, материалдық-техникалық базаны нығайтуға және халықаралық авиациялық қауымдастықпен ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді.
Дерек көзі: Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі