Су ресурстары және ирригация министрлігі Назарбаев Университетімен бірлесіп ирригациялық каналдарды бетондаудың инновациялық технологияларын енгізу бағытындағы жұмысты жалғастырып жатыр, деп хабарлайды NaizaNews.kz Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Назарбаев Университетінің вице-президенті Гүлмира Қанаймен кездесіп, су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту және ирригациялық каналдарды бетондаудың инновациялық технологияларын енгізуге арналған екі бірлескен ғылыми-зерттеу жобасын талқылады.
Екі жобаға да Министрліктің Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы серіктес ретінде қатысып, мемлекеттік үйлестіру жұмыстарын қамтамасыз етеді.
Кездесу барысында министр екі жобаны іске асыру мерзімдерін, қаржылық және ұйымдастырушылық ресурстарды оңтайландыру үшін оларды бір кешенді жобаға біріктіруді ұсынды.
Сондай-ақ жобаға Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтын тарту, ұсынылып отырған технологиялардың тиімділігін бағалау үшін «Қазсушар» РМК нысандарында зертханалық және далалық зерттеулер жүргізу, сондай-ақ жаңа технологияларды тек суару каналдарында ғана емес, басқа да су шаруашылығы нысандарында қолдану мүмкіндігі қарастырылды.
Министрдің айтуынша, бұл жұмыстар гидротехникалық құрылыстардың сенімділігін арттырып, су ресурстарын ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.
Источник: Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі