Қазақстанда Түркістан, Алматы және Батыс Қазақстан облыстарында екі канал мен бір су қоймасын реконструкциялау жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
Түркістан облысының Ордабасы ауданында ұзындығы 26,15 шақырым болатын «Найман» каналы пайдалануға берілді. Нысанда каналды бетондау жұмыстары жүргізіліп, 75 гидротехникалық құрылыс салынды.
Реконструкцияға дейін канал 2 мың гектарға жуық суармалы жерді, сондай-ақ аудан орталығы мен Қажымұқан ауылындағы үй іргесіндегі жер телімдерін сумен қамтамасыз етіп келген. Жоба суармалы алқаптардың көлемін ұлғайтып, суды тасымалдау кезіндегі шығынды азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналындағы жалпы ұзындығы 1,53 шақырым болатын апатты учаскелерді реконструкциялау аяқталды. Жоба аясында бүлінген бөліктер бөлшектеліп, канал арнасы монолитті темірбетонмен қапталды.
Министрліктің мәліметінше, бұл жұмыстар каналдың техникалық жай-күйін жақсартып, су өткізу қабілетін арттыруға және су шығынын азайтуға мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде Алматы облысындағы 33,3 мың гектар суармалы жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарды.
Батыс Қазақстан облысында Ақжайық ауданының Тоған ауылындағы Киров су қоймасының гидротехникалық құрылыстарын реконструкциялау толық аяқталды. Бұл жұмыстар нысанның сенімділігін арттырып, көктемгі су тасқыны кезінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, каналдар мен су қоймаларын жаңғырту су шығынын азайтып, суармалы егіншіліктің дамуына және еліміздің су қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.
Дерек көзі: Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі