Бас прокуратура Бас Прокурор Берік Асыловтың бұйрығымен құрылған Инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі сарапшылық кеңестің жұмысын бастады, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Бас прокуратурасына сілтеме жасап.
Жаңа алаң мемлекеттік органдардың, бизнес пен сарапшылар қауымдастығының өкілдерін біріктірді. Алғашқы отырысты ашқан Берік Асылов жаңа Конституцияда айқындалған «Әділетті Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» қағидаттары бүкіл мемлекеттік жүйенің негізгі бағдарына айналғанын атап өтті.
Инвестициялық омбудсмен өкілеттігі берілген Бас Прокурор қатысушыларға бизнесті қорғаудың кешенді жүйесін таныстырды. Оның аясында прокурорлар инвесторлардың мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылының барлық кезеңінде прокурорлық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді.
«Бүгінде мемлекеттер арасындағы бәсекелестік ресурстар үшін емес, сенім үшін жүріп жатыр. Біз заңды Қазақстанның бәсекелестік артықшылығына айналдыруға міндеттіміз», – деді Берік Асылов.
Қазіргі таңда прокуратураның сүйемелдеуімен жалпы инвестиция көлемі 112 трлн теңгені құрайтын 3,3 мың инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. 3 мыңнан астам инвестордың құқықтары қорғалып, 30 мың жаңа жұмыс орнын құруды көздейтін 270-тен астам инвестициялық жобаның жүзеге асырылуына қолдау көрсетілді.
ҚР Бас прокуратурасының мәліметінше, кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы сот дауларының саны шамамен 40%-ға, ал бизнесті әкімшілік жауаптылыққа тарту жағдайлары 16%-ға азайған. Сонымен қатар жыл басынан бері прокуратура инвесторлардың құқықтарын бұзуы мүмкін 800-ден астам мемлекеттік органның шешімін келісуден бас тартқан.
Отырыста құрылыс саласындағы әкімшілік кедергілерді азайту мәселелері де қаралды. Атап айтқанда, жобаларды сараптау кезінде жасанды интеллектті пайдалану, «ескертулердің толық тізбесін» енгізу және құжаттарды қарау мерзімдерін қысқарту ұсыныстары қолдау тапты.
Сондай-ақ қатысушылар инвестициялар саласындағы мемлекеттік органдардың қызметін бағалау жүйесін қайта қарап, басты назарды жаңа өндірістерді іске қосу, жұмыс орындарын құру және инвестициялық жобалардың нақты нәтижесіне аударуды қолдады.
Отырыс қорытындысында Берік Асылов Сарапшылық кеңестің бизнеске кедергі келтіретін жүйелі мәселелерді жедел қарастыратын тұрақты жұмыс істейтін алаңға айналатынын жеткізді.
Дерек көзі: Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы