Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Азия даму банкінің вице-президенті Фатима Ясминмен кездесті. Кездесу барысында тараптар бірлескен инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылу барысы мен алдағы ынтымақтастық перспективаларын қарастырды, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі Ақмола облысында Есіл контрреттегішін салу жобасы болды. Қазіргі уақытта жобаны қаржыландыруға дайындау және мемлекеттік кепілдік алу рәсімдері жалғасып жатыр.
Нысанның жобалық сыйымдылығы 873 млн текше метрді құрайды. Контрреттегіш тасқын суларын жинақтап, олардың ағысын тиімді реттеуге мүмкіндік береді. Бұл Есіл өзенінің төменгі ағысына судың қауіпсіз өтуін қамтамасыз етіп, Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев және Петропавл су қоймаларының тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасайды. Сонымен қатар өзен бойындағы елді мекендерді су басу қаупін азайтуға ықпал етеді.
Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, 2024–2028 жылдарға арналған су саласын дамытудың кешенді жоспары аясында Қазақстанның сегіз өңірінде су қоймаларын салу және реконструкциялау бойынша 42 жоба іріктелген. Министрдің сөзінше, ведомство осы бастамаларды іске асыру бағытында Азия даму банкімен ынтымақтастық мәселелерін жан-жақты пысықтауға дайын.
Кездесу қорытындысында тараптар Қазақстанның су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыру және өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екендерін растады.
Дерек көзі: Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі