Қазақстанда азаматтардың дербес деректерін қорғау күшейтіледі, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасап.
Жаңа конституциялық нормалар әр адамның жеке өміріне қолсұғылмауына және жеке ақпаратының заңсыз жиналуынан, өңделуінен, пайдаланылуынан немесе сақталуынан қорғалу құқығын бекітеді. Министрліктің мәліметінше, бұл цифрлық мемлекетті қауіпсіз дамытуға берік құқықтық негіз қалыптастырады.
Жаңа қағидалар Цифрлық кодексте, «Дербес деректер туралы» және «Жасанды интеллект туралы» заңдарда көрініс табады. Атап айтқанда, дербес деректер ұғымын идентификаторларды енгізу арқылы нақтылау, ақпаратты автоматтандырылған өңдеуге қойылатын талаптарды күшейту және азаматтарға eGov Mobile қосымшасы арқылы деректерді өңдеуге берген келісімін кез келген уақытта кері қайтарып алу мүмкіндігін беру көзделген.
Сонымен қатар қолжетімділігі шектеулі 100 мыңнан астам дербес деректер жазбасын өңдейтін операторлар үшін міндетті биометриялық аутентификация енгізіледі. Азаматтарға жеке деректерін жоюға, анонимдеуге және оларды өңдеуді шектеуге құқық беріледі. Сондай-ақ деректерді өңдеу мақсатына қол жеткізілгеннен кейін оларды сақтау мерзіміне қойылатын талаптар күшейтіледі.
Бұдан бөлек, дербес деректерді қорғаудың заманауи технологиялары, оның ішінде деректерді жасыру және хэштеу құралдары енгізіледі. Мемлекет мемлекеттік дерекқорлардан ақпаратты тікелей жүктеп алуды шектеп, ақпараттық жүйелер арасындағы қауіпсіз интеграцияны дамытуға басымдық береді.
Сонымен қатар елімізде дербес деректердің ірі операторларының тізілімі қалыптастырылады. Операторлар деректерді өңдеу басталғаны туралы мемлекетті алдын ала хабардар етуге, сондай-ақ қауіпсіздік оқиғалары немесе деректердің сыртқа шығуы анықталған жағдайда уәкілетті орган мен азаматтарды дереу хабардар етуге міндетті болады.
Дерек көзі: Жасанды интеллект