Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Грузияның Қоршаған ортаны қорғау және ауыл шаруашылығы министрі Давид Сонгулашвилимен кездесті, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында тараптар агроөнеркәсіп кешеніндегі ынтымақтастықты дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара саудасын кеңейту және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Айдарбек Сапаровтың айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Грузия арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы 77%-ға өсіп, 116 млн АҚШ долларынан асты. Оның айтуынша, бұл екі ел арасындағы әріптестікті одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.
Грузия тарапы да ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасын кеңейтуге, бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға және агроөнеркәсіп кешенінде озық технологиялармен алмасуға қызығушылық білдірді.
Кездесуде Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін Грузия нарығына жеткізу көлемін ұлғайту мәселесіне ерекше назар аударылды. Қазақстан астық, ұн, өсімдік майы, макарон өнімдері, ет, сүт өнімдері, шоколад және кондитерлік өнімдер экспортын арттыруға мүдделі.
Сондай-ақ тараптар ветеринария саласындағы ынтымақтастықты талқылады. Атап айтқанда, Қазақстаннан Грузияға тірі шошқа мен шошқа етін экспорттауға қатысты ветеринариялық-санитариялық талаптарды келісу, сондай-ақ асыл тұқымды және тауарлық ірі және ұсақ малды экспорттауға арналған бұрын келісілген ветеринариялық сертификаттарды іске асыру мәселелері қаралды.
Кездесу қорытындысында тараптар агроөнеркәсіп кешеніндегі ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға ниетті екенін растады.
Источник: Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі