Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Германияның Федералдық экономика және энергетика министрі Катерина Райхемен кездесті, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Кездесу «Астана» халықаралық қаржы орталығында өтті. Тараптар технологиялық әріптестікті кеңейту, инфрақұрылымға инвестиция тарту және Германиядағы өндірістік кәсіпорындардың сұранысын қамтамасыз ету үшін қазақстандық мұнай жеткізілімін жалғастыру мәселелерін талқылады.
Министрліктің мәліметінше, экспорттық жеткізілімдердің логистикасы қазіргі макроэкономикалық жағдайға бейімделіп отыр. Серіктестер алдындағы міндеттемелерді орындау үшін Қазақстан мұнай ағындарын Каспий құбыр консорциумы жүйесіне икемді түрде бағыттап, баламалы транзиттік бағыттарды да пайдаланады.
Ерлан Ақкенженов Германия бизнесімен жүзеге асып жатқан бірлескен жобаларға да тоқталды. Атап айтқанда, Siemens Energy компаниясы бекітілген кестеге сәйкес Алматы қаласы мен Түркістан облысындағы жаңа энергия нысандарын заманауи газ турбиналарымен қамтамасыз етіп жатыр.
Кездесуде Маңғыстау облысында Svevind Energy компаниясы жүзеге асырып жатқан Hyrasia One жобасына ерекше назар аударылды. Жоба жылына 2 млн тоннаға дейін экологиялық таза сутегі өндіруге мүмкіндік береді. Энергетика министрлігінің мәліметінше, алдағы уақытта бұл көлем Еуропалық одақтың сутегі импортына деген сұранысының 20%-ына дейін өтеуге мүмкіндік беруі мүмкін.
Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, Қазақстан мен Германия отандық ресурстар мен заманауи технологияларды ұштастыра отырып, энергетика саласындағы ұзақ мерзімді әріптестікті дамытып келеді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар техникалық және экономикалық тәжірибе алмасуды жалғастыруға, сондай-ақ Қазақстандағы неміс инвестициялық жобаларын іске асыру бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға келісті.
Источник: Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі